Нұрқожа Қайпанов Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында кезекті жеңісіне қол жеткізіп, жартылай финалға жолдама алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта белдесетін отандасымыз ширек финалда Тәжікстан өкілі Виктор Рассадинмен кездесіп, қарсыласын 11:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді.
Айта кетейік, Нұрқожа бұған дейін алғашқы айналымда Косово балуаны Эгзон Хониді 10:0 есебімен айқын басымдықпен ұтса, 1/8 финалда Әзербайжан өкілі Туран Байрамовтан басым түскен еді.
Осылайша, Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Енді отандасымыз финал жолдамасы үшін жапониялық Йошуносукэ Аоягимен кездеседі. Қос балуанның бұған дейін 2024 жылы әлем чемпионатының финалында жолдары түйіскен. Ол кездесуде 5:3 есебімен Нұрқожа жеңіске жеткен.
