Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай алдағы әлем біріншілігіне 48 келіде дайындалып жатыр. Бұл туралы спортшы Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Парижден кейін 1,5-2 ай іс-шараларға қатыстым. Бірақ сол аралықта да жаттығуды ұмытпадым. Ескі салмағым 48 келіде ел чемпионы атандым. Алда мақсат көп. Әлем чемпионаты бар.
Салмақ ауыстыруға келер болсақ, Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар. Оған дейін салмақ дәрежелері де өзгереді.
Қазіргі мақсатым — үш дүркін әлем чемпионы атану. 48 келіде екі рет топ жардым. Енді үшінші рет жеңіске жетуді көздеймін», — дейді Қызайбай.
Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол Олимпиаданың жартылай финалында қытайлық боксшыға есе жіберіп, үздік үштікке енді.
Фото: Сали Сабиров