
Грек-рим күресінен ел намысын қорғап жүрген талантты балуан Исхар Құрбаев биылғы маусымға үлкен мақсаттар қойып отыр. Жас спортшы U23 әлем чемпионатында алтын жүлде алуды көздейді. Өткен 2023 жылғы күміс жүлде оны тоқтатпаған, керісінше, биылғы жолына жаңа серпін берген. Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі жас балуанмен сұхбаттасқан болатын.
«2023 жылы әлем чемпионатының финалында жеңіліп, күміс медальмен тоқтадым. Ол сәтсіздікті ұмыта алмаймын. Енді сол алтынның орнын толтыру – басты арманым. Қазір ел чемпионаты да жақындап қалды. Негізі, үйде дайындалу керек едік, бірақ аға бапкер жаттығу жиынына шақырып отыр. Соған байланысты аздаған түсініспеушіліктер туындауда. Дегенмен, құрамамен қарым-қатынасым жақсы. Шетелге жарысқа шыққанда барлығымыз бір үйдің баласындай тату боламыз», — дейді ол.
Сондай-ақ, Құрбаев 2023 жылғы әлем чемпионатындағы жүлдесі үшін берілген уәде орындалмағанын да жасырмады.
«Чемпион болған кезде маған пәтер беріледі деген. Тек сертификат тапсырды, бірақ кілтін әлі алған жоқпын. Сұрасам, «қарастырамыз» деп кейінге шегере береді. Әрине, береді деген үмітім әлі бар», — дейді спортшы.
Дегенмен, Исхарды қолдайтын жанашыр азаматтар да бар екен.
» Қаржылай көмектесіп жүрген ағаларым бар. Олар маған сенеді, барлық қажетімді алып беріп, спорттағы жолыма жағдай жасап отыр. Солардың бірі – спорт жанашыры Марат Алиман ағамыз. Ол кісі мені үнемі қолдап, қуаттап жүреді», — дейді спортшы.
Исхар үшін спорт – отбасының бір бөлшегі. Оның бапкері де, ең сенімді тірегі де – өз әкесі.
«Жеке бапкерім – өзімнің әкем. Ол менің өмірдегі ең жақын адамым әрі спорттағы жетекшім. Әкемнің арманы – мені Олимпиада чемпионы ретінде көру. Ал менің арманым – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада топ жарып, көк туымызды желбірету. Отбасым да сол күнді күтуде. Олар: «Олимпиададан кейін үйлен» деп отыр», – дейді ол күле отырып.
Жазып алған: Ынтызар Ынтымаққызы