
Қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров Қытайда өтіп жатқан «World Taekwondo President’s Cup — Asian Region» турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ол финалда атақты таеквондошы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының және Гран-при кезеңдерінің екі дүркін жеңімпазы Джунг Джанмен (Оңтүстік Корея) кездесті.
63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын абыроймен қорғаған отандасымыз жарыс барысында барлығы төрт кездесу өткізді. Алғашқы кездесуінде ол қазақстандық Дулат Абдималикті, ширек финалда тайваньдық Хуанг Чо Ченгты сенімді түрде жеңді. Жартылай финалда Самирхон Оңтүстік Корея өкілі Жанг Жабинді жарыс жолынан ығыстырған болатын.
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының аталмыш турнирдегі үшінші медалі. Жарыстың алғашқы күнінде Батырхан Төлеуғали (-80 кг) мен Азиза Каражанова (-53 кг) қола жүлдені қоржынға салған болатын.
Сондай-ақ, бұл жеңіс Қазақстанға 2026 жылғы Азия чемпионатына қатысу үшін қосымша жолдама иеленуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметі