
Бұл күндері Сингапурда су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін 12 жастағы қытайлық жүзгіш қыз тұғырға шықты, деп жазады Sportbugin.kz.
Қытай әйелдер құрамасы 200 метрге еркін әдіспен жарысу эстафетасында қола медаль жеңіп алды. Олар финалда Австралия мен АҚШ-қа ғана есе жіберген.
12 жастағы Юй Цзыди де қола жүлдегерлер қатарында. Ол финалда бақ сынаған жоқ, бірақ іріктеу сынында Қытай сапында өнер көрсетті. Сол себепті, ол қола медаль иегерлерінің қатарына кірді.
Бұл спортшы осы әлемдік сынның басты сенсацияларының біріне балануда. Чемпионат барысында Цзыди 200 метрге баттерфляй әдісімен және кешенді жүзуден финалға шығып, төртінші орынға тұрақтаған болатын.