
Грузия астанасы Тбилисиде өткен семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан қоржынын тарихи жүлде түсті. Шпагамен семсерлесуден Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов төрттігі қола медаль үшін өткен айқаста Франция командасын 45:31 есебімен жеңді.
Чемпионат барысында қазақстадық спортшылар Ресей мен Италия командасын жеңіп, жартылай финалда Жапониядан бір ұпай айырмасымен ұтылды.
Ал қола медаль өткен бәсекеде 9 дүркін Олимпиада чемпиондары — Франция құрамасын тізе бүктірді.
«Қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз жапондармен Азия біріншіліктерінде, әлем кубоктарында көп кездесеміз. Оларға тек бір ұпаймен ұтылып жүрміз. Біздің қазіргі бапкеріміз бұрын Жапонияны жаттықтырған. Алдағы уақытта біз жапондарды жеңеміз деп ойлаймын. Біз бұл медальді ұзақ күттік! Енді осы құрамда Олимпиадаға барып, медаль алғымыз келеді. Бұл жүлде мен үшін өте құнды! Өйткені, ересектер арасында қатысқан 15-әлем чемпионатында алғаш рет жүлдеге іліктім!», — деді Эльмир Алимжанов.
Айта кетелік, бұған дейін Руслан Курбанов жекелей сында әлем чемпионатының қола медалін алған еді.