
Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Дархан Қызайбаев ASIAN BOXING ұйымының жауапты лауазымына тағайындалды, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
2 тамыз күні Бангкоктағы (Таиланд) бокстан U19 және U22 Азия чемпионатының аясында Азия бокс федерациясының кезектен тыс Конгрессі өтті. Жиын барысында жаңадан құрылған құрлықтық ұйымның басшылық құрамы сайланды.
Дархан Қызайбаев Қаржылық және аудиторлық комиссияның төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі деп танылды.
Естеріңізге сала кетсек, Қызайбаев Дархан Еркінұлы 2024 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан бокс федерациясының халықаралық қатынастар бойынша вице-президенті қызметін атқарып келеді.
2024 жылдың желтоқсан айында ол ASIAN BOXING уақытша кеңесінің мүшесі атанған еді.