Жақында әлемдік World Taekwondo ұйымы төрешілерді іріктеу және оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша қазақстандық бес төрешіге “WT Standing International Referee” мәртебесін берді. Олардың қатарында алматылық Малика Жандаева да бар. Әлемдегі ТОП-300 төрешінің қатарына енген Малика Sportbugin.kz сайтына арнайы сұхбат беріп, спортта төрелік етудің жолдары туралы кеңінен әңгімеледі.
Малика Серікбайқызы – таеквондодан халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан таеквондо федерациясы төрешілер комиссиясы төрағасының орынбасары әрі Алматы облысының бас төрешісі. Ол 2015 жылға дейін спорттың осы түрімен белсенді айналысқан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы да бар. Төрешілік қызметке 2020 жылдан бастап ден қояды.
«Мен төрешілікті қолға алған кезде, бүкіл әлемде пандемияға байланысты карантин болды. Сондықтан, ресми турнирлерге қазылық етуді 2021 жылы бастадым. Ал 2022 жылы халықаралық төрешілерді дайындау курсына қатысып, білімімді жетілдірдім. Содан кейін, магистратурада оқып жатқандықтан, бір жыл бойы ешқандай жарысқа қатыспағаным тағы бар. Тек 2023 жылдан бастап әлемдік таеквондо додаларында тұрақты түрде жұмыс істеп келем. Бүгінде өзімнің сүйікті ісіммен шұғылданып жүргеніме төрт жылға жуық уақыт болды», — дейді ол.
Малика осы төрт жыл ішінде таеквондодан бірнеше әлемдік және халықаралық жарыстарда төрелік етті. Оның ішінде G санатындағы түрлі турнирлер, құрлықтық бәсекелер және әлем чемпионаты да бар.
«Менің төрешілік мансабымдағы ең ірі жарысым – 2025 жылы Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионаты. Бұл G14 санатындағы ең беделді бәсеке, сондықтан, әлем біріншілігінде қазылық етудің жауапкершілігі аса жоғары. Кенияда өткен U21 әлем чемпионаты да менің маман ретінде жетілуіме үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, былтыр Токиодағы (Жапония) Сурдлимпиада ойындарында, Сауд Арабиясында өткен Ислам елдері ынтымақтастығы додасында төрешілік жасадым. Оңтүстік Кореяда өткен G1 санатындағы челленджерде жұмыс істедім. Жалпы алғанда, менің төреші ретінде қалыптасуыма былтырғы жылдың әсері көп болды», — дейді Малика Жандаева.
Таеквондодан әлемдік деңгейдегі төреші атану үлкен еңбекті, білім мен төзімділікті қажет етеді. Малика өз ісін мінсіз атқарып, World Taekwondo мамандарынан жоғары баға алу үшін тынымсыз іздену үстінде.
«Жақында Астанада World Taekwondo ұйымдастыруымен төрешілерге арналған ауқымды курс өтті. Осы кэмпке қатысуды көптен армандаушы едім, себебі, бұған дейін тәжірибем жеткен жоқ. Қуанышқа қарай, елімізде өткен жиынға қатысып, өзімді жақсы жағынан көрсете білдім. Тоқтаусыз дайындалып, Қазақстаннан қатысқан сегіз төрешінің бесеуі әлемдегі ТОП-300 маманның қатарын ендік. Бұл – мен үшін үлкен мотивация. Осы орайда, Қазақстан таеквондо федерациясының үлкен жұмыс атқарып жатқанын атап өткім келеді. Себебі, спортшылар мен бапкерлерге ғана емес, төрешілерге де көп көмек көрсетілуде. Одан бөлек, Астанада ұйымдастырылған төрешілердің халықаралық курсына World Taekwondo мамандары да жоғары баға берді. Бұған дейін аталған курс Африка, Еуроп, Панамерика елдері аймағында өткізілді. Төртінші болып Азия-Океания аймағындағы кэмп біздің елордамызда өткен еді. Курсқа келген дәріс берушілер де, бас төреші де біздің федерация ұйымдастырған жиынға өте жоғары баға беріп кетті», — дейді отандық төреші.
Астанадағы халықаралық төрешілер курсы толығымен ағылшын тілінде өтті. Мұнда төрешілер физикалық дайындықтан және жазбаша тест тапсырды. Соңында татамиге шығып, жекпе-жекке төрелік етуден өз мықтылығын көрсетеді. Осы сынақтардан сүрінбей өткен Маликаның ендігі арманы – 2028 жылғы Олимпиада ойындарында төрелік ету.
«Қазір мен ең бірінші кезеңнен өтіп, ТОП-300 төрешінің қатарына ендім. Енді Олимпиадаға дейінгі 2 жыл ішінде мейілінше көп жарыстарға қатысып, мінсіз төрелік жасауға тырысуым керек. Сол кезде Олимпиадаға баратын мүмкіндік те мол болмақ. Халықаралық дәрежедегі төрешілерге қойылатын талап көп. Ең алдымен, төреші ережені өте жақсы білуі тиіс. Ағылшын тілін жетік білгені жөн, себебі, барлық байланыс тек ағылшынша болады. Төрешінің физикалық дайындығы өте жоғары болуы керек, өйткені, даянгта біз спортшылардың екпініне ілесу үшін өте көп жүгіреміз. Таеквондода 1 секундтың өзі көп нәрсе шешеді, сондықтан, жылдам болу аса маңызды. Сондай-ақ, барынша жарыстардан қалмаған дұрыс», — деп сөзін қорытындылады Малика.
