Қазақстан құрамасы — Қытайдың Ордос қаласында өткен дзюдодан Азия чемпионатының аралас командалық сайысының күміс жүлдегері, деп жазады Sportbugin.kz.
Финалда Моңғолия құрамасы басымдық танытып, кездесуді 4:0 есебімен өз пайдасына шешті.
Аралас командалық бәсекеде ел намысын Бақыт Құсақбаева (-57 кг), Мөлдір Нарынова (-70 кг), Назгүл Маратова (+70 кг), Ануар Жұмагелдин (-73 кг), Айбол Нысанәлі (-90 кг) және Марат Байкамуров (+90 кг) қорғады.
Айта кетейік, қазақстандық дзюдошылар финалға сенімді жолмен жеткен болатын. Жартылай финалда олар Біріккен Араб Әмірліктері құрамасымен кездесіп, тартысты белдесуде 3:3 есебімен тең түсті. Жеребе нәтижесінде шешуші айқас 70 келіге дейінгі салмақта өтіп, Мөлдір Нарынова қарсыласын жеңіп, Қазақстанды финалға алып шыққан еді.
