Астанада дзюдодан өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жалғас Қайролла финалда Молдова өкілі Петру Пеливанды таза жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Отандасымыз турнир барысында Қырғызстан спортшысы Ратбек Жұманазаровты жарыс жолынан шығарып, кейін Тәжікстан балуаны Бехрузи Хожазодадан басым түсті. Ширек финалда молдовалық Виктор Стерпуды ұтып, жартылай финалда қазақстандық Досхан Жолжақсыновтан айласын асырды. Ал шешуші белдесуде тағы бір Молдова өкілі Петру Пеливанды жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
