Қаржыландыру мәселесіне байланысты үндеу жасаған шахматшы Бибісара Асаубаева бұл жолы сәнді әшекейлерімен қызу талқыға түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
Үкіметтен бөлінетін қаржыға қанағаттанбайтынын мәлімдеген шахматшы Асаубаеваның instagram парақшасындағы фотоларға назар аударған желі қолданушылары оның брендтік сағаттар, сақиналар мен білезіктерді жиі тағатынын байқаған.
Атап айтқанда Bulgari сағаты, Van Cleef & Arpels брендінің бағалы әшекейлері мен Cartier білезіктері бірден көзге түседі. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, аталған әшекейлердің әрқайсысының құны шамамен 2,5 миллион теңгеден басталып, 20 миллион теңгеге дейін жетеді.
Сондай-ақ спортшының анасы да әлеуметтік желіде қымбат тондарымен көзге түсіп жүр.
Осы жайттан кейін желі қолданушылары Асаубаеваның қаржыландыру мәселесіне қатысты мәлімдемесі мен әлеуметтік желідегі сән-салтанаты қатар талқыланып жатыр.
Айта кетейік, соңғы үш жылда спортшыға түрлі көздер арқылы жалпы көлемі 700 миллион теңгеге жуық қаржылық қолдау көрсетілгені айтылған. Спортты қолдау қоры арқылы 2024 жылы 64 млн теңге, 2025 жылы 79 млн теңге, ал биылғы жылдың алғашқы жартысында 210 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, Асаубаева әлем чемпионы атанғаны үшін 25 млн теңге көлемінде арнайы сыйақы алған. Сондай-ақ шахмат федерациясы тарапынан да қосымша қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды.
