Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы Азия чемпионатында топ жарды, деп жазады Sportbugin.kz.
Сапы сайысынан командалық бәсекенің финалында ұлттық құрама Жапонияны 45:40 есебімен жеңіп, құрлық чемпионы атанды.
Финалға дейін қазақстандық семсерлесушілер сенімді өнер көрсетті. Олар 1/8 финалда Иранды 45:27 есебімен ұтса, ширек финалда Өзбекстанды 45:37, ал жартылай финалда Оңтүстік Кореяны 45:33 есебімен жеңді.
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан мен Жапония құрамаларының Азия чемпионаты финалындағы қатарынан төртінші кездесуі. Бұған дейін 2023 және 2025 жылдары жапондықтар жеңіске жетсе, 2024 жылы Қазақстан топ жарған болатын.
Ал биыл ұлттық құрама қарымта қайтарып, тағы да Азия чемпионы атанды.
