Боксшы Али Ахмедов Алматыда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп жазады Sportbugin.kz.
Отандасымыз IBO нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы «уақытша» әлем чемпионы атағы үшін Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Асемахле Веллеммен жұдырықтасты.
12 раундқа жоспарланған жекпе-жектің үшінші раундтында Ахмедов қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Бұған дейін екінші раундта төреші Веллемге екі рет нокдаун санаса, үшінші раундта тағы бір рет есеп жүргізді.
Осылайша, Али Ахмедов кәсіпқой бокстағы 26-жеңісіне қол жеткізіп, IBO нұсқасы бойынша «уақытша» әлем чемпионы атанды. Ал Асемахле Веллем мансабындағы үшінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кетейік, бұл Али Ахмедовтің желтоқсан айынан кейінгі алғашқы жекпе-жегі болды. Сол кезде ол ганалық Делали Миледзиді (31-3-1, 24 КО) төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген еді.
