Screenshot
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Президент қабылдауынан шыққан жеңіл атлеттерді алғашқылардың бірі болып құттықтады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Федерация құрлықтық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен атлеттер мен олардың жеке бапкерлеріне арнайы сыйақылар табыстап, үздіктердің еңбегін алғашқылардың бірі болып бағалады.
Кештің басты жаңалығының бірі – Ясмина Тоқсанбаеваға пәтер кілтінің берілуі болды. Марафондық қашықтықтағы спорттық жүрісте мәреге бірінші болып жеткен отандасымыздың нәтижесі аяқкиіміне қатысты даудан кейін World Athletics тарапынан жойылған еді. Федерация өз спортшысын қолдаусыз қалдырмай, демеушілермен бірлесіп оған бір бөлмелі пәтер сыйлады.
Спортшы да көрсетілген құрметке қуанышты екенін жасырмады. Ясмина Тоқсанбаева федерация мен демеушілерге қолдау көрсетіп, еңбегін бағалағаны үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Азия ойындарының және Азия пара ойындарының жүлдегерлеріне арнайы ақшалай 3000, 5000, 6000, 10.000 доллар сыйақы сертификаттары табысталды. Олардың жеке бапкерлері де марапаттан шет қалмады.
Салтанатты рәсімде Азия Пара ойындарында жүлдеге іліккен спортшылар мен олардың жеке бапкерлері де назардан тыс қалмады
Осылайша, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы халықаралық аренада ел абыройын асқақтатқан спортшыларға құрмет көрсетіп қана қоймай, олардың еңбегін материалдық тұрғыдан да қолдады.
