Бокстан әлем және Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов 60 келі салмаққа түбегейлі ауысқанын айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
“Азия чемпионатынан кейін 60 келі салмақта қалатын болып шештім. Әзірге, бұл салмақта елдегі бірінші нөмірмін деп айта алмаймын. Бәрін нәтиже көрсетеді. Десе де, әрі қарай әлемдік жарыстарда осы салмақта бақ сынаймын. Әрине, әлемде қарсыластар өте көп әрі мықты. Негізгі қарсыластардың бірі — өзбекстандық Абдумәлік Халоков. Екеуміз екі рет кездестік, әзірге есеп — 1:1.
Бірлескен жаттығу жиынында Халоковпен спарринг өткізбедім, бірақ жұптасып жұдырықтасып көрдік.
Алдағы жоспарларға келер болсам, Қытайдағы әлем кубогы кезеңіне қатыспаймын. Бұл жарысқа Серік Теміржанов барады.
Өзімнің Азия ойындарында бақ сынасам деген арманым бар. Бірақ Азиадаға баратын құрамды әлі айтқан жоқ. Тынымсыз дайындаламыз”, — деді Асылқұлов.
Айта кетелік, Оразбек Асылқұлов 57 келіде ІВА әлем чемпионы, 60 келіде World Boxing Азия чемпионы.
